ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тоғыз қабатты үйдің шатырында ойнап жүрген балалар видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Зачаган кенті Мұрат Мөңкеұлы көшесі 83/2-үйде болған.
Әлеуметтік желіде кішкентай балалардың үйдің шатырында ата-аналардың қарауынсыз ойнап жүргені туралы ақпарат жарияланды.
Видеоны учаскелік полиция инспекторлары тексеріп, балалар мен олардың ата-аналары кім екендігін анықтады. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. ПИК-тер төрағаларына шатырға шығатын қақпа-есіктердің бәрін жауып қою жөнінде ескертілді.
Полиция қызметкерлері бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.
Оралда қыс кезінде де осындай оқиға болып, онда балалардың кім екендігі анықталмаған еді.
«Қазір жаз кезі, балалардың далаға көбірек шығатын уақыты. Сондықтан ата-аналардан перзенттерінен көз жазбай, бақылауды сұраймыз», деді департаменттің баспасөз қызметі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).