ОРАЛ. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында 2-6 сәуір аралығында «Балалар кітабы» апталығы өтті.
Осыған орай әр күн сайын бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Солардың бірі - 5 сәуір күні аталмыш кітапхананың балалар оқу залында өткен «Болашаққа кітаппен» атты оқырман байқауы. Мақсат - оқушылардың сөздік қорларын молайту, дүниетанымдарын кеңейту, тіл байлығын, шығармашылық қиялын, логикалық қабілетін дамыту. Шарада балаларға кітап беттерінен алынған танымдық, қызықты сұрақтар қойылып, жаңа кітаптармен таныстырылды.
Ескен Елубаевтың 70 жасқа толу мерейтойына орай «Әрбір бала - бір әлем» тақырыбында кітапханада әңгіме, ойын өткізілді. Мақсат - ақынның өмір жолы және шығармашылығымен таныстыру, кітап оқуға тарту. Шара барысында жас оқырмандарға ақынның өмірі жайлы қысқаша айтылып, оның «Зерек бала», «Қолғабыс» өлеңдері оқылды. Жұмбақтары жасырылды.
Бұдан бөлек «Өнер әлеміне саяхат», «Жақсылықтың жаршысы - ертегілер» сынды шаралар өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).