Қала әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шаһарда өткен жылы оқушылар және жастар сарайы ашылса, енді, міне, Зачагандағы өнер мектебі де жаңа ғимаратқа көшіп отыр. Бұрын ол №13 «Золотой ключик» балабақшасының бейімделген бөлмелерінде орналасқан болатын. Жаңа ғимаратқа сондай-ақ кент әкімдігі де орналасты. Бұрын бос тұрған ғимаратты жөндеуге қала бюджетінен 53 млн. теңге бөлінді.
Мұнда сурет салу, ермексаз, хормен ән айтуға арналған жеке кабинеттер бар, домбыра, фортепиано, халық аспаптары, қобыз және хор үйірмелері жұмыс істейді. Қырықтан астам ұстаз 343 баланы түрлі өнерге баулиды. Өнер мектебінің жаңа ғимаратқа көшуі №13 балабақшада қосымша 50-60 орынның ашылуына мүмкіндік берді.
Жалпы, қалада 10 қосымша білім беру ұйымында 9859 оқушы қамтылған, бұл - шаһар шәкірттерінің 26,13 пайызы. Оған қоса әр мектепте үйірме, секциялар жұмыс жасайды.
Айта кетейік, Загачанға қарасты Коминтерн ауылында 70 орындық «Бөбек» жеке балабақшасы да ашылды.
«Жергілікті кәсіпкер Гүлмира Айтқалиева ашқан аталмыш балабақшада қазірдің өзінде жиырмадан астам балдырған тәрбиеленуде. Бұл шағынауданда бұрын балабақша болған жоқ еді. Оның үстіне ата-аналар баласы үшін мемлекеттік балабақшадағымен бірдей (12 мың теңгеден) ақы төлейді. Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет пен жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында қазір қалада 22 жеке балабақшада 1623 бүлдіршін тәрбиеленуде. Осы жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс есебінде (әр балаға шаққанда 19354 теңгеден) 176 млн. 97 мың теңге бөлінді, яғни 50 пайызын мемлекет көтереді. Оған қоса қалада 50 мемлекеттік балабақша, 25 шағын орталық, тағы бір мектеп-балабақша кешені жұмыс жасайды. Қазір 13779 балдырғанның 11203-і осы мемлекеттік балабақшаларға барады. Шаһар бойынша 3-6 жастағылар балабақшамен 99,5, 1-6 жастағылар 57,8 пайыз, ал 5 жастағылар мектепалды даярлықпен толықтай қамтылған. Соған қарамастан, қазіргі таңда 16439 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Батиқа Пайдина.