ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында балаларды алып бара жатқан автобус жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 13 маусым күні Г. Бельгер көшесінде болды.
«Сағат 12.40-та Г. Бельгер көшесіндегі 114-үй тұсында «ПАЗ» жеке автобусы отқа оранды. Тілсіз жау сағат 13.09-да оқшауланып, 13.14-те ауыздықталды. Адамдар аман. Оқиға орнында 6 адам (1 техника) жұмыс істеді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, автобус балаларды алып келе жатқан. Барлығы шығып үлгеріпті. Өртеніп жатқан автобустың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Желі қолданушылары көлікте мектеп лагеріндегі оқушылар болғанын және олардың кинотеатрдан қайтып келе жатқанын жазған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында бес қабатты үйден өрт шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында орманға кіруге шектеулер енгізілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).