Оралда балалар отырған автобустың өртенуі: жүргізуші мен лагерь басшысы жауапқа тартылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда балалар отырған автобустың өртенуіне байланысты жүргізуші мен лагерь басшысы жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Оралда балалар отырған автобус өртенген болатын.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға 13 маусым күні сағат шамамен 12.40-та Р. Егізбаев пен Г. Бельгер көшелерінің қиылысында №26 орта мектептің «Балауса» балалар лагерінен «Cinema Park» кинотеатрына 60 баланы тасымалдаған «ПАЗ» жеке автобусы отқа оранды.

«Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Алайда, автобустың 1986 жылғы жүргізушісі көлік құралын техникалық тексеруден өткізбей, жолаушыларды тасымалдаған. Оған қоса, міндетті сақтандыру полисі болмаған. Жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабы 1-бөлігі, 590-бабы 9-бөлігі және 230-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағы 3-тармақшасын бұзғаны үшін №26 мектеп директорының 13 маусым күнгі бұйрығымен балаларды кинотеатрға апару кезінде жауапкершілік танытпаған «Балауса» лагерінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Балаларды тасымалдау кезінде жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің алып жүруіне аталған мектеп тарапына БҚО полиция департаментіне ешқандай сұраныс түспеген», - деп хабарлады ведомстводан.