ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Тәуелсіздік алаңында бас шыршаның шамы жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шараға қатысушыларды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, өтіп бара жатқан 2016 жылдың табыс-жетістіктерге толы болғанын атап өтті. Өңірде тәуелсіздік жылдары көптеген нысандар бой көтеріп, соның ішінде облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Тек соңғы кездің өзінде осы маңда Тәуелсіздік алаңы, Достық үйі, Салтанат сарайы, қалалық көпбейінді аурухана іске қосылды. Облыста 2016 жылы 250 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салынды. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, 1 500 пәтер пайдалануға берілді. Мұның бәрі Елбасы бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде жүзеге асып отырғандығын көрсетеді. Ең басты мақсат халықтың әл-аухатын көтеріп, ел бірлігін арттыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жылда да жалғаса бермек.
Қаланың жаңа алаңында облыстың шығармашылық ұжымдары концерт қойып, тұрғындар мұз айдынында серуендеуге де уақыт тапты.
Айта кетейік, сондай-ақ қаланың орталық тұсындағы Абай алаңында, «Лепесток» саябағында, Жайық өзенінің жағалауында, Зачаган кентінде, барлығы бес жерде орнатылған шыршаның шамы жағылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).