Оралда бас жоспарды түзету жобасына қатысты шу шықты

Фото: senate.parlam.kz

ОРАЛ. KAZINFORM –  Орал қаласында бас жоспарды түзету бойынша қоғамдық тыңдалым өткізілді.

Жиын кезінде қала тұрғыны Данил Макатуха әкімдік сайтында жүктелген жобалық материалдарды зерттеген кезде онда көбінесе Орал емес, Қарағанды және Семей қалаларының деректері енгізілгенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, барлық есеп Оралға еш қатысы жоқ деректер негізінде жасалған. Сондай-ақ аталған бас жоспар жобасы үшін жобалаушы мекемеге 250 млн теңге төленгені белгілі болды.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне сұрау жолдады.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласының бас жоспарын түзету жобасы 2023 жылдан бастап «Градо» ЖШС жобалау ұйымымен келісімшарт негізінде әзірленіп жатыр.

Жобаға қатысты қоғамдық тыңдау Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 505 бұйрығымен бекітілген «Қала құрылысы жобаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларына» сәйкес ұйымдастырылды. Осы талаптарға сәйкес Орал қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы «Қоғамдық тыңдаулар» бөлімінде жобаның түсіндірме жазбалары мен графикалық материалдары орналастырылған.

- Алайда техникалық қателік салдарынан сайтқа Орал қаласына қатысы жоқ әрі шындыққа сәйкес келмейтін бастапқы материалдар жүктеліп кеткенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта бұл материалдар тиісті заң талаптарына сай дұрыс нұсқаларымен толық ауыстырылды. Алдағы күндері белгіленген тәртіпке сәйкес қоғамдық тыңдаудың жаңа күні жақын арада жарияланатын болады, - делінген ресми жауапта.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов аталған жиын қоғамдық тыңдалымның бастапқы кезеңі екендігін жеткізді.

- Қоғамдық тыңдалымдар халықтың пікірін тыңдау, реттеу үшін өткізіледі. Алдағы тамыз, қыркүйек айларында қорытынды жиындар болады. Сол кезде мақұлданған деректер ғана жобаға енгізіліп, бекіту үшін қалалық мәслихатқа, одан әрі Үкіметке жолданады, - деді А.Халелов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда салынып жатқан жайлы мектеп құрылысы неліктен кешеуілдегенін жазған едік.