БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны 2025 жылғы 17 тамызда компания дүкенінен құны 174,990 мың теңге тұратын кір жуатын машина сатып алған.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, кір жуатын машина күрделі жөндеу жүргізілген жаңа үйдегі пәтердің ас үйіне орнатылған. Сол жылы 11 қыркүйекте пәтерде өрт болған. Өрт-техникалық сараптама қорытындысына сәйкес от кір жуатын машинадан шыққан.
Салдарынан пәтерге, сондай-ақ дүние-мүлікке залал келтірілген. Әділет министрлігі сот сараптамалары орталығының қорытындысына сәйкес қалпына келтіру-жөндеу құны 7 млн 857,676 мың теңгеге бағаланған.
Талапкер әйел компаниядан жарамсыз болған дүние-мүлікке қоса басқа да материалдық және моральдық шығынды өндіруді талап еткен. Ол отбасымен өрттен кейін бірнеше ай бойы жалға алған пәтерде тұрған.
Әйел материалдық шығындарды сотқа дейінгі тәртіппен өндіру туралы жауапкерден өтінген, бірақ оның талабын орындаудан бас тартылған.
— Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Атап айтқанда, тұрғынның пайдасына қалпына келтіру-жөндеу құны ретінде 7 млн 857,676 мың теңге, 4 млн 090 мың теңге материалдық шығын, 500 мың теңге моральдық залал, 87,580 мың теңге мемлекеттік баж салығы, 315,360 мың және 150 мың теңге (сараптама және басқа шығындар), барлығы 13 млн астам теңге өндірілді. Компания тарапынан кір жуатын машинаның құжаттары ұсынылды. Алайда құжаттар тауар сапасының кепілі болып саналмайды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, — деді Э.Қиматова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 90-нан астам кәсіпкердің сауда бағасын асырып сатқаны белгілі болғанын жазған едік.