Оралда басынан ауыр жарақат алған ер адам көз жұмды
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 19 маусым күні түсқайта Шолохов пен Циолковский көшелерінің қиылысында болды.
Бұрын бір-бірін танымайтын 20 және 46 жастағы тұрғын сөзге келген. Салдарынан төбелес болып, 20 жастағы жігіт ұрған кезде ер адам жерге құлап, жабық бас-ми жарақатын алған.
46 жастағы ер адам есін жимастан, қалалық көпбейінді ауруханаға апара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.
Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Күдікті Бәйтерек ауданында тұрады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (қасақана ауыр дене жарақатын салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 15.25-те шақыртылып, бригада бес минуттан кейін жетті. Ер адам Шолохов көшесі бойындағы «Гурман» кафесі жанында құлап жатқан. Жабық бас-ми жарақатын алып, комаға түскен ол ауруханаға жетпей, қайтқан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлік аударылып, жүргізуші қаза тапқанын жазған болатынбыз.