БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы мен ардагерлер кеңесі ұйымдастырған сайысқа аудандар мен Орал қаласынан іріктеліп келген 15 батагөй қария қатысты.
Ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, кейінгі ұрпақты үлкенді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, адалдық пен әділдікке, адамгершілікке үндеу бағытында өткізілген байқау барысында үміткерлер алдымен өздерін таныстырды. Екінші кезеңде «Ел есіндегі баталардан» үзінді айтудан бақ сынасты. Ал «Батамен ел көгерер» атты үшінші кезеңде үйге берілген тапсырма - бата түрлерін жатқа айтып, түрлі көріністерді көрсетті.
Сайыс қорытындысында тасқалалық ақсақал Жұмагелді Үмбетәлиев бас жүлдені жеңіп алса, қаратөбелік Ертай Сердалин бірінші, зеленовтық Сатыбалды Төлегенов пен жаңақалалық Аманжан Салауатов екінші, шыңғырлаулық Темірғали Жантасов, ақжайықтық Сыйлыхан Зейнетов, қазталовтық Исмағұл Мусин үшінші орынға ие болды. Қатысушылардың бірқатары дипломант атанса, қалғандарына алғысхат табыс етілді. Байқаудың бас жүлдегері Ж.Үмбетәлиевтің иығына шапан жабылып, ол жұртшылыққа өз батасын берді.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры міндетін атқарушы Нұргүл Бердашеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұндай халықтық сипаттағы шаралар жалғасатын болады.