Оралда «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның мерейтойы аталып өтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында Орал электр желілері басқармасы Батыс Қазақстан энерго аудандық басқармасының 50 жылдығы және «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның 20 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шарада батысқазақстандық энертетиктердің жарты ғасыр ішінде жүріп өткен жолы, қалыптасу кезеңдері, кәсіпорын тынысы деректі фильмнен көрсетілді.

Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, энергетиктердің мерейтойы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Энергетикалық сала ел экономикасындағы маңызды буын болып есептеледі. Халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен өмірлік маңызы зор нысандардың қалыпты қызмет етуі осы сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне байланысты. Ауа райының небір күрделі жағдайына қарамай, электр жарығының үздіксіз берілуі үшін күресетін де осы энергетиктер. Мысалы, қазан айының соңғы күнінде қалың жауған қардың әсерінен Орал қаласының бірнеше ауданында электр жарығы сөніп қалды. Соны барынша тез қалпына келтіру үшін бригадалар жұмылдырылып,  олар сын  тезінен шыға білді. Күні бүгін қар жауып, жел күшейіп тұр. Алдағы қыста да ауа райы тосын мінез көрсетуі әбден ықтимал. Соның бәрінде сала қызметкерлері жіті қимыл танытып, сенім үдесінен шығатынына сенім мол.

 

Тәуелсіздік жылдары жеткен табыс аз емес. Соның бірі ретінде облыстың энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізгенін айтуға болады. Соңғы жылдары іске қосылған электр стансалары мен Орал трансформатор зауыты тек өзімізді қамтып қана қоймай, өнімді шетке шығаруға да мүмкіндік беріп отыр.

Салтанатты шара барысында сала үздіктеріне облыс әкімінің алғысхаттары, басқа да марапаттар табыс етілді.