Оралда бәйгеден ел чемпионатының соңғы іріктеу кезеңі мәресіне жетті

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында бәйгеден Қазақстан чемпионатына іріктеудің тоғызыншы кезеңінің жеңімпаздары анықталды.

Шараның ашылу рәсімінде Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев пен республикалық «Бәйге» федерациясының бірінші вице-президенті Мұрат Өсербаев жиналғандарға ізгі тілегін білдіріп, ат бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде ел атбегілері атынан батысқазақстандықтарға қаржылай қолдау ұйымдастырған Мұрат Өсербаев, Исенбай Қалдаманов, Қуат Үсенов, Батқан Сабуров, Айдар Нұрмұқанбетовке Орал қаласы әкімдігінің алғысхаты мен БҚО «Бәйге» федерациясының «Алтын тізгін» төсбелгісі табыс етілді. 

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

Республика өңірлерінен келген жүзге жуық сәйгүлік бәйгенің құнан, топ, аламан және ұлы аламан түрлері бойынша сынға түсті. 

Отыз құнанның ішінен астаналық атбегі Алмаз Оразбаевтың Исламнұр Ертөс тақымдаған «Бақторысы» ешкімге дес бермеді. Қостанайлық Қадырбек Тоқмурзиннің «Фантастигі» мен маңғыстаулық Асан Қадырбаевтың «Сеньорасы» мәреден екінші, үшінші болып өтті. 

Топ бәйгеге 17 тұлпар қосылып, жамбылдық Бақыт Іңкәрбектің «Бұйражалы» (бапкері — Айдар Оразалиев, шабандозы — Шыныбек Мырзахмет) алдына ат салдырмады. Батысқазақстандық Адай Мирболаттың «Ботақарасы», астаналық Алмас Оразбаевтың «Нарқасқасы» иелеріне сәйкесінше екінші, үшінші жүлдені сыйлады.

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

Жиырма төрт шақырымдық аламан бәйгеде 18 арғымақтың ішінен бірінші орын батысқазақстандық Мадияр Құрманғалидың «Қазынасына» (бапкері Еркебұлан Әзімғали, шабандозы — Айдаралы Бағжан) бұйырды. Аламанның екінші, үшінші орындарын батысқазақстандық Адай Мирболаттың «Берікқарасы» мен ақтөбелік Нысанбек Тілектесовтың «Тастүлегі» өзара бөлісті. 

Бәйгенің соңғы түрі — 31 шақырымдық ұлы аламанда қостанайлық Қадырбек Тоқмурзиннің «Тахминасы» (шабандозы — Әлинұр Еламанов) озды. Маңғыстаулық Талғат Жакеевтің «Ұлытауы» екінші, батысқазақстандық Нұрлан Мұхтаровтың «Асылторысы» үшінші болып келді.

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

Жалпы, іріктеудің әр кезеңінде алғашқы болып келген бес жүйрікке жүлдемен қоса чемпионаттың финалына жолдама берілді. Сол алғашқы бестікке батысқазақстандық алты арғымақ кірді. Олар — топ және аламан бәйгеде де екінші болып мәре сызығын кескен ақжайықтық Адай Мирболаттың «Берікқарасы» мен «Ботақарасы», құнаннан төртінші келген бәйтеректік Берік Есенғалиевтің «Айтолқыны» мен аламанның үшінші жүлдегері Нұрлан Мұқтаровтың «Асылторысы», ұлы аламанның жеңімпазы «Қазына» және осы жарыста бестікті түйіндеген бөкейордалық Игібай Айтмұқашевтің «Мальчигі». 

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР «Бәйге» федерациясының атынан кубок, диплом, медальдармен, сондай-ақ демеушілер атынан ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бәйгенің жалпы жүлде қоры — 30 миллион теңге.

Фото: Мәди Ғұбайдуллин

«Бәйгеден Қазақстан чемпионаты он кезеңнен тұрады. Оралда тоғызыншы іріктеу кезеңі өткізілді. Соңғы, финалдық кезең 6 қазан күні Астанада болады», деді ҚР «Бәйге» федерациясының вице-президенті Жомарт Сайболатов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Кабирханның Дубайда өткен жарыста тағы да топ жарғанын жазған болатынбыз.

Фото: Мәди Ғұбайдуллин