ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше кешкісін БҚО қазақ драма театрында белгілі әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі әртісі Нұрлан Өнербаев концерт қойды. Әншінің шығармашылық кешін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған Ақ Жайық жұртшылығы тамашалады.
Нұрлан Өнербаев Оралға өнер сапарымен бұдан он жылдан астам уақыт бұрын, қазақ драма театрының қазіргі ғимараты ашылып жатқан тұста келген екен. Киелі сахнада жүргеніне отыз жылдан асқан әнші халық әндерін, сондай-ақ қазақ композиторларының танымал туындыларын орындады. Соның ішінде Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған әйгілі «Анашым» әнін таяуда өмірден өткен аяулы ақын рухына арнады. Арасында Отан, ауыл тақырыбында әңгіме өрбітіп, өзінің айтуынша, әннің сөзіне ерекше мән беретін Н.Өнербаев ойшыл да сыршыл әуендерді әуелете шырқады. «Ай да, Күн де жақсы ғой», «Қарағым-ай» сынды кең таралған әндермен концертін тәмамдаған танымал орындаушыға көрермен қауым айрықша құрмет көрсетті.
Кеш соңында облыс басшысы әншіге ризашылығын білдіріп, Батыс Қазақстан өңірі өнерді қашанда шынайы бағалай білетінін, сондықтан Нұрлан Өнербаевтай сахна тарландарын әр қала, әр аудан-ауыл әрдайым күтетінін жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).