Оралда белгілі әнші Жаңылсын Хасанованың шығармашылық кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының 50 жылдығына орай осы филармонияның күміс көмей әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңылсын Хасанованың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Танымал әнші өз концертінде Батыс Қазақстан эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Қазақстан композиторларының әндерін тамылжыта орындады. Оркестрге Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы үрмелі және эстрадалық оркестрінің бас дирижеры Мәдениет Меңдіғалиев дирижерлық етті.

Кеш барысында Жаңылсын Хасанова өнердегі әріптестері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова, республикалық байқаулардың лауреаттары Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Дария Бақытова және басқалармен қосыла шырқады. Сондай-ақ әншінің халық әні «Ақ баянды» домбырада Ақылбек Бектасов, қыл қобызда Гауһар Жанғалиева, жетіген аспабында Гауһар Бекмашеваның сүйемелдеуінде орындауы ерекше әсер қалдырды. Сол орындаушылармен бірге Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» домбырада шебер ойнап берді. Оған қоса концертте Хасановтардың отбасылық ансамблі де өз өнерлерін көрсетті.

Шара соңында БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов әншіге БҚО әкімінің алғысхатын табыс етсе, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов елдің сәлемін жеткізді.

«Бұл концертімді Тәуелсіздік және филармония тойына арнадым. Біз Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері шет елдерде де сахнаға шығып, қазақ халқының өнерін кеңінен танытуға мүмкіндік алдық. Бүгін Ақ Жайық жұртшылығы алдында өз шығармашылық есебімді бергендей болдым», -деді Жаңылсын Хасанова.

Айта кетейік, Ақжайық ауданында дүниеге келген Жаңылсын  Хасанова көптен бері облыстық филармонияда еңбек етіп келеді. Кезінде ол республикалық «Жас қанат» байқауының күміс жүлдегері атанған болатын.