ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында сауда орталығында бомба бар деген хабар жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 31 мамыр күні Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан «Орал» сауда ойын-сауық орталығында болды.
«Сағат 09.25-те 102 телефонына аталмыш орталыққа бомба қойылғаны жөнінде хабар түскен. Полиция қызметкерлері сол маңды қоршап, сауда орталығынан адамдарды шығарды. Саперлер сауда орталығы мен сол маңды қараған кезде жарылғыш зат табылған жоқ. Аталған дерек Орал қаласы ақпараттарды есепке алу кітабында тіркелді. Жыл басынан бері облыс аумағында осындай үш оқиға болды. Соның біреуі бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпірден секіріп кеткен 22 жастағы жігіттің көз жұмғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да белгісіз біреу «Тойота Камри» автокөлігін жағып жіберген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).