Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 ақпан күні таңғы сағат 05.05 шамасында белгісіз біреулер Жуков көшесіндегі ақша айырбастау пунктіне келіп, терезені гантельмен ұрып, сындырмақ болған. Алайда 39 рет ұрса да, сындыра алмаған соң, кетіп қалады. Тонаушының барлық іс-әрекеті, киімдері бейнетаспада жазылып қалған.
Жедел іздестіру шаралары барысында 1993 жылғы екі тұрғын ұсталып, олар уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Гантель, қысқы күрте мен бас киім тәркіленді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы шара барысында күдіктінің бірі мұның алдында ақша айырбастау пунктіне қарақшылық шабуыл жасап, тонағаны анықталды. Бұл оқиға өткен жылдың 7 желтоқсаны күні болған. Таңғы сағат 04.20-да Еуразия даңғылы бойында орналасқан ақша айырбастау пунктінің терезесін балғамен ұрып, сындырып, ішке кірген. Осындағы жас қызметкердің мойнынан қысып, қорқытып, ақша тауып беруін талап етеді. Балға мен пышақты көрген әйел кассадағы 130 мың теңгені суырып береді. Ақшаны қалтасына басқан күдікті балғаны лақтырып кетеді.
Осылайша, ақша айырбастау пунктін тонап, дәніккен қарақшы бұл жолы қасына тағы біреуді ертіп алған болып шықты.