ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бес автокөлік түйісіп, 19 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 12.00 шамасында Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі бойында, «Бүркіт» жанар-жағар май стансасы тұсында орын алды.
«Мерседес» автокөлігі жол шетінде тұрған «ГАЗель», «Ниссан», «Лада Веста» және «ВАЗ-2115» автокөліктерін соққан. Соның салдарынан 19 жастағы жүргізуші қыз жарақат алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге сағат 12.06-да қоңырау шалынды. Жедел жәрдем бригадасы бес минутта жеткен.
«Зардап шеккен 2000 жылғы қыз облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді», - деді А.Сақпосынова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).