ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жыл басынан бері бейнебақылау камерасының көмегімен 82 қылмыс ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олардың ішінде қарақшылық, кісі тонау, бұзақылық, ұрлық, автокөлік айдап кету секілді қылмыс түрлері бар. Сонымен қатар 14735 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Облыс орталығында 106 бейнебақылау камерасы қойылған. Соның 42-сі көше қиылыстарында, 24-і қоғамдық орындарда, 26-сы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттары жанында, төртеуі қалаға кіреберісте, үшеуі теміржол вокзалында, үшеуі қару-жарақ дүкені, төртеуі діни орындар маңында орнатылған. Солар арқылы Орал қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығы шаһар көшелеріндегі жағдайды тәулік бойы бақылап отырады.
Оған қоса «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша 346 камера орнатылған.
Камералардың арқасында қылмыстың ізін суытпай ашу көрсеткіші артып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).