ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бір күнде қос бірдей арнайы техника өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 20 қараша күні сағат 13.56-да Зачаган кентіндегі «Орал» подстансасы ауданында ЗИЛ-131 автокөлігінің өртенгені жөнінде хабар келген.
Өрт сағат 14.07-де оқшауланып, 14.44-те сөндірілді. Оған 9 адам, 2 техника жұмылдырылды.
Екінші оқиға сағат 16.45-те қала орталығындағы Құрманғазы мен М.Ықсанов көшелерінің қиылысында болды. Бұл жолы ГАЗ-53 автокөлігінің мотор бөлігі жанды. «Тілсіз жау» сағат 17.01-де ауыздықталды (өрт сөндіруге 5 адам, 1 техника қатысты).
Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттердің шығу себебі, кінәлілер, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Осылайша жыл басынан бері БҚО-да 92 автокөліктің отқа оранғаны тіркелді.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, кеше өртенген арнайы техникалардың біріншісі «Батыс Қазақстан электр тораптарын тарату компаниясы» АҚ-ға, екіншісі «Батыс су арнасы» ЖШС-ына тиесілі көрінеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).