Тұрғындармен есептік кездесуінде қала әкімі Нариман Төреғалиевтің мәлім еткеніндей, соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 6 үй (1008 пәтер) және мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде 4 үй (405 пәтер) бой көтермек. Сонымен қатар 5 жаңа үйдің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасау жұмысы жалғасады.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде тұрғын үйлер салу үшін инженерлік желі тарту, Деркөл ауылында кварталішілік жолдар мен су тарту жұмыстары аяқталады. Оған қоса Зачаган кентінде 9 тұрғын үйге инженерлік желі тарту мен абаттандыру ісі мәреге жетеді. Деповская көшесінде де инженерлік желі тартылады.
Айта кетейік, 2016 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 8 млрд-тан астам теңгеге 11 тұрғын үй (1247 пәтер) пайдалануға берілсе, соның 9-ы «Нұрлы жол» арқылы іске қосылды. Бір үй жас отбасыларға арналса, тағы біреуі кезекте тұрғандарға берілді. Оған қоса Зачаган кентінде жас отбасыларға арналған тағы бір үйге қоныстандыру басталды. Бұл 4 мыңнан астам адамды тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік берді.