ОРАЛ. ҚазАқпарат - Достық үйінде мүмкіндігі шектеулі 14-29 жастағылар арасында «Біз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» шығармашылық байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дәстүрлі сайысқа аудандар мен қаладан іріктеліп келген жиырмадан астам үміткер қатысып, бақ сынады.
Байқау қорытындысында «Үздік би ансамблі» аталымы бойынша облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының «Арман» би ансамблі жеңімпаз атанды. Эстрадалық вокалдан облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірті Ерлан Нұрхаев озып шықты. Ісмерліктен ақжайықтық Аңсар Беріков алдына жан салмаса, мәнерлеп оқудан Сырым ауданындағы «Нұршуақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ақжан Естаулетова жеңіске жетті. Ишара арқылы ән орындаудан оралдық Мейрамгүл Айтқалиева үздік атанды. Олардың бәріне сыйлықтар мен алғысхаттар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).