11 қарашада Орал қаласында Құрылтай депутаты Снежанна Имашева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков білім, мәдениет және спорт салаларының өкілдерімен кездесті.
Жиындар барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру жүйесін жетілдіру, шығармашылық бастамаларды қолдау және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мәселелері көтерілді.
Алғашқы кездесу Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде өтті. Оған жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ашық диалог барысында білім беру жүйесін жаңғырту, білікті мамандар даярлау және жастардың елдің қоғамдық-экономикалық өміріндегі рөлін арттыру мәселелері талқыланды.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға мемлекеттік органдармен қатар қоғам өкілдері де атсалысуы қажет екенін атап өтті.
– Президент Жолдауы – алдағы жылдарға арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағдары. Онда айтылған әрбір міндетті орындау үшін Үкімет, барлық деңгейдегі әкімдер мен Құрылтай депутаттары ауқымды жұмыс атқаруы керек. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының мәні мен мазмұны ерекше. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде біз егемен мемлекет ретінде қалыптасып, өзіміздің саяси және экономикалық жүйемізді құрдық, – деді Снежанна Имашева.
Депутаттың айтуынша, Тәуелсіздікті нығайту мен егемендікті қорғау қоғамның бірлігі мен жұмыла әрекет етуін талап етеді. Бұл үшін экономиканы нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, тәртіп пен жауапкершілікті арттыру маңызды.
Сондай-ақ ол елдің дамуы саяси мәлімдемелермен ғана шектелмейтінін жеткізді. Оның пікірінше, бұл бағытта қуатты экономика, заманауи инфрақұрылым, технологиялық даму және тиімді мемлекеттік басқару маңызды рөл атқарады.
Бұған қоса, ел игілігі жолында жауапкершілікпен еңбек ететін азаматтардың үлесіне де тоқталды.
Университеттегі кездесуде жоғары білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және жас мамандардың әлеуетін толық ашуына мүмкіндік жасау қажеттігі айтылды.
Сонымен бірге өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыру, ел болашағына саналы көзқарасын қалыптастыру мәселелері көтерілді.
Бұдан кейін делегация «Ozge Epic» креативті хабында мәдениет қайраткерлерімен жүздесті.
Кездесу барысында шығармашылық бастамаларды қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау және креативті индустрияның әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар мәдениеттің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы, тарихи-мәдени мұраны дәріптеудегі және қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді кеңінен таныту, талантты азаматтарға қолдау көрсету және шығармашылық саланың дамуына қолайлы жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Жұмыс сапарының келесі бағыты мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенінде жалғасты.
Мұнда делегация мүшелері спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесіп, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ параспортты қолдау мәселелерін талқылады.
Кездесуде салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың маңызы да атап өтілді.
Қатысушылар дене шынықтырумен айналысуға барлық азамат үшін тең мүмкіндік жасау, спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және республикалық, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдау қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар спорттың адам денсаулығын нығайтумен бірге мүгедектігі бар адамдардың қоғамға бейімделуіне және күнделікті өмірге белсенді араласуына ықпал ететіні айтылды.
Кездесулер барысында өңір тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыру жолдары жөнінде де ой бөлісті.
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласында ÓzgeEpic креатив хабы ашылған болатын. Орталықта концерт алаңы, театр, кинозал, кітапхана, коворкинг кеңістігі, фото, подкаст және дыбыс жазу студиялары қарастырылған. Сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша 200 креативті маман даярлау жоспарланған.