Олимпиадалық спорт түрлерінің ішінде дүниежүзілік додаларда қазақстандықтар үнемі жеңімпаздар қатарынан көрініп келе жатқан бокс өнерін кеңінен өрістету мақсатында Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отырған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония елдерінен 130-ға тарта спортшы қатысуда. 1999-2000 жылғы жастар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталатын болады.
«Осынау халықаралық турнир батысқазақстандық жас былғары қолғап шеберлерін олимп шыңына жетелейтін алғашқы баспалдақ болсын», деді жарыстың ашылу рәсімінде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан АИБА төрешісі Әсия Аманбаева.
Жарыстың құрметті қонақтары қатарында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов, АИБА төрешісі Серік Әбденәлиев, әлем чемпионы, олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов, әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов, әлем чемпионы Галиб Жафаров пен оның бапкері Әлімбек Балмағамбетов бар.
«Бұл додаға Өзбекстан жастар құрамасының негізгі мүшелерімен қатар екінші, үшінші нөмірлі боксшыларды да алып келдік. Олардың қаншалықты дайындықпен келгендігін жекпе-жектер көрсететін болады. Турнирге Галиб Жафаровтың шақыртуымен келдік», деді Өзбекстан жастар құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Толашбай Данияров.
Айта кетейік, БҚО-ның намысын көптеген жарыста абыроймен қорғап жүрген Нұрсұлтан Нұриденов 49 кг салмақта бірінші кездесуінде Алматы облысының өкілі Жақсылық Ахметті бірауыздан жеңді.