ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан ересектер арасында халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бокстан ересектер арасында БҚО-ның аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиевтің айтуынша, бірінші рет ұйымдастырылған жарысқа Өзбекстан мен Тәжікстаннан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласынан қырыққа жуық спортшы қатысты.
Турнир нәтижесінде салмақ дәрежелеріне қарай Нұрсұлтан Нұриденов (52 кг), Сағындық Молдашев (57 кг, екеуі де БҚО-дан), Шербек Рахматуллаев (63 кг, Өзбекстан), Расул Жаңбырбай (69 кг, БҚО), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг, Қызылорда), Ерік Әлжанов (81 кг), Мағжан Базарбай (91 кг, екеуі де Маңғыстаудан) және Ислом Юсупов ( 91 кг, Өзбекстан) чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есепте БҚО құрамасы бірінші орынға ие болды.
«Алдағы жылы жарыс ауқымын бұдан да гөрі кеңірек етіп ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Деңгейі жоғарылап, 80-90 боксшы келетін болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Сұлтанғалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).