Оралда «Борышкер-2017» шарасы аясында үш күнде 0,5 млн теңге өндірілді
Қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Тимур Майрановтың айтуынша, алғашқы үш күннің ішінде 482 996 теңге өндірілді. Атап айтқанда, тәртіп сақшылары бірінші күні-ақ әкімшілік айыппұлын төлемей жүрген 21 құқық бұзушының мекенжайына барып, 45 380 теңгені мемлекет пайдасына өндірді. Екінші күні 51 мекенжайда болған олар 100 969 теңгені төлеттірді. Мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша 63 630 теңге түсті. Үшінші күні 44 мекенжайда болған инспекторлар 204 046 теңгеге қоса, 42 420 теңгені мәжбүрлі түрде өндірді. Шара одан әрі жалғасуда.
«Прокуратура қызметкерлері, сот орындаушыларымен бірлесіп жұмыстанудамыз. Әдетте әкімшілік құқық бұзғандарға қатысты материалдар толықтай жинақталып, сотқа жолданады. Айыппұлын төлемесе, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 669-бабына сәйкес сот үкімі не шешімін, өзге де актісін және атқарушылық құжатты орындамау жеке тұлғаларға 10, лауазымды адамдарға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға, шағын кәсіпкерлік нысандарына 30, орталарына 40, ірі кәсіпкерлерге 50 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады», деді Тимур Майранов.