БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше кешке болған.
Кезекшілікте жүрген полиция аға лейтенанты Нұрболат Смағұл мен полиция лейтенанты Нұржан Ғумиров рация арқылы бір қыздың Еуразия даңғылы 54-үйдің төбесіне шығып алып, секірмек болып жатқанын естиді.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары бірден төбеге көтеріледі. Бірінші жеткен Нұрболат қызды әңгімеге тартып, алаңдатпақ болғанымен, ол жауап бермейді. Дегенмен Нұрболат сөзге тарта отырып, қызға жетіп, қолынан ұстап алады. Содан кейін Нұржан екеуі қызды төменге түсіреді.
Қыздың кез келген сәтте секіріп кетуі мүмкін болғандықтан, құтқарушыларды күтуге уақыт жоқ еді. Оның үстіне сол күні жаңбыр жауғандықтан, полицейлердің де төбеден аяғы тайып кетуі мүмкін еді.
Аталмыш дерек ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті ретінде тіркелді.
Тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін қызды туысқандары алып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көпірден секірмек болған қызды ер адам құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.