ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында бір күнде екі бала көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 шілде күні болды.
«Сағат 22.50-де бесінші қабаттағы терезеден бес жасар бала құлап, алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Осы дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша сол күні сағат 13.11-де 4 жасар ұл баланың үшінші қабаттан түсіп кеткені тіркелді. Жедел жәрдем бригадасы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген бала травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр. Қажетті ем алуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шалқар көлінің жағасында әйел адамға найзағай түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).