ОРАЛ. ҚазАқпарат - 28 наурыз күні күндіз белгісіз біреу Х.Есенжанов көшесі, 20 мекенжайда орналасқан «Инбет» букмекерлік кеңсесіне кіріп, кассадан 87 мың теңгені жымқырып кеткен.
БҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, кеңсе тонаған адам медициналық бетперде кигеніне қарамастан, оралдық сақшылар қылмыстың ізін суытпай аша білді. Сол күні-ақ Орал қаласының еш жерде жұмыс жасамайтын, бұдан бұрын да бірнеше қылмысымен «көзге түскен» 24 жасар тұрғыны қолға түсіп, одан ұрланған қаржы мен шабуыл кезінде қолданған құралдар алынды. Күдікті уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 191-бабы 2-бөліміне (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).