ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бұрынғы әйелі мен қызын сыртынан жауып, үйге от қойған тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 139-бабы тәртібімен Орал қаласы полиция басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Аталған ер адам 20 шілде күні сағат 22.40 шамасында Зачаган кентіндегі Құс фабрикасы ауданында бұрынғы әйелінің үйіне от қойып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында ұсталған күдікті қылмысын мойындаған.
Осы қылмыс бойынша Зачаган полиция бөлімі ҚР ҚК 202-бабы 2-бөлігіне сәйкес тергеу амалдарын жүргізуде.
Сараптамалар тағайындалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғыны бұрынғы әйелі мен қызын сыртынан жауып, үйге от қойғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).