ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бюджет қаржысын жымқырған қалаға қарасты Желаев ауылдық округі әкімі аппараты қаржы-экономика бөлімінің басшысы Г.Хабулова сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Г.Хабулова 2013-2019 жылдары бухгалтерлік құжатқа аталған мемлекеттік мекеменің шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізген.
Атап айтқанда, «Казначейство клиент» ақпараттық жүйесінде өзінің электронды қолтаңбасын пайдалана отырып, карточкалық шотына еңбек демалысы және емдік жәрдемақы түріндегі қаражатты негізсіз аударған. Сөйтіп ол мемлекетке 11 млн 473,149 мың теңге залал келтірген.
Залал толықтай өндірілді.
Г.Хабулова Орал қалалық сотының үкімімен ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену немесе талан-таражға салу) сәйкес айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеусіз екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).