Орал қаласында «Арбат» дәмханасындағы өрттен зардап шеккен екі адам жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, дәмханадағы өртке байланысты жедел жәрдем кеше сағат 22.07-де шақырылды.
«Жедел жәрдем бригадалары алты минуттан кейін оқиға орнына жеткен. Жеңіл дәрежедегі газдан уланған 17 жастағы қыз бен екі бозбала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін үшеуі де амбулаториялық ем алуға жіберілді. 46 және 25 жастағы екі ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Жансақтау бөлімінде жатқан олардың жағдайы ауыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Арбат» дәмханасында өрт шығып, бес адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).