ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің жүлдесі үшін ересектер арасында халықаралық турнир өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысқа Даниярмен бірге оның әкесі әрі жаттықтырушысы Марат Елеусінов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов арнайы келді.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, бірнеше күнге созылатын бәсекеге еліміз өңірлерінен сегіз команда, сондай-ақ өзбекстандық және тәжікстандық боксшылар қатысуда.
Жарыстың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов қазіргі кезде кәсіпқой бокста бағын сынап жүрген ел мақтанышы Данияр Елеусіновтің атында Оралда бұдан екі жыл бұрын бокс орталығы ашылса, енді алғаш рет ашық турнир ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді.
Д.Елеусінов осындай құрмет үшін жерлестеріне ризашылығын білдірді.
«Данияр - әуесқой бокста барлық биікті бағындырған санаулы спортшылардың бірі. Оған қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Даниярдай саңлақтардың ізбасарлары көбейе беруі үшін елімізде осындай шараларды ұйымдастырудың маңызы зор», деді Мырзағали Айтжанов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).