ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен екі баланың нақты жағдайы белгілі болды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 5 жасар бала биылғы 28 наурыз бен 13 сәуірдің аралығында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімінде стационарлық ем қабылдады.
Қазіргі уақытта неврология бөлімінде емін жалғастырып жатыр. Жағдайы орташа ауыр, динамикада нашарлау байқалмайды. Дәрігерлердің бақылауында.
— Сонымен қатар 6 жасар бала да облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдаған. Ол екінші қабаттан құлап, жарақат алған. Науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп, соның ішінде хирургиялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақтанған, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда терезеден құлаған екі баланың біреуі ауыр жағдайда жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).