Оралда дәстүрлі Қадыр оқулары өткізілді
Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен қалалық әкімдік, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқауға 10 үміткер қатысты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар алдын ала мәлімделген тізім бойынша конвертке салынған Қадыр өлеңдерінің атауын суырып, сол бойда жатқа оқыды. Екінші кезеңде Қадыр Мырза Әлінің ақындық ұлағатының әсерінен туындаған, бұрын еш жерде жарияланбаған өз туындыларын оқыды. Ал үшінші кезең бойынша үміткерлерге «Жүректе жарқын бейнеңіз» тақырыбында эссе жазу ұсынылды. Бұл бөлімде байқауға қатысушының шешендігі, ой жүйелілігі, тіл шұрайлылығы сынға түсті.
Байқау нәтижесінде белгілі әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры Серікқали Шарабасов төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс студенті Әнуарбек Мүтиғоллаев бас жүлдеге лайық деп танылды. Жеңімпазға қоса, жүлдегерлер де диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.