ОРАЛ. KAZINFORM — Бүгін Орал қаласындағы № 230 референдум учаскесінде Ақ Жайық өңірінен шыққан танымал өнерпаз, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының солисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов дауыс берді.
Айбар дауыс беріп қана қоймай, өзінің визиттік карточкасына айналған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін (сөзін жазған Қадыр Мырза Әлі) шырқап, дауыс берушілерді бір серпілтті.
БҚО аумақтық референдум комиссиясының мәліметіне қарағанда, Орал қаласында 136 учаске қалыпты жұмыс істеп жатыр. Облыс орталығында дауыс беру құқығы бар 237 532 адам тіркелген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда референдум күні 489 учаске жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.
Айта кетелік бүгін референдум басталды, ел халқы өз таңдауын жасайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).