ОРАЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - 9 сәуір күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның залында өңірге танымал дәрігер, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі Тамара Чеусованың 75 жылдығы атап өтілді.
Денсаулық сақтау жүйесіне еңбек сіңірген ардагер дәрігерге құрмет көрсету үшін Алматы мен Семей қалаларынан әріптестері келді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовтің атап өткеніндей, жиырма бес жыл бойы облыстың бас терапевт-дәрігері болған Тамара Владимировна талай жас дәрігерді тәрбиеледі, бүгінде олардың кейбірі - медицина ғылымдарының кандидаттары.
Кешке арнайы келген республиканың бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев: «Тамара Владимировна ревматолог ретінде облысқа ғана емес, елімізге танымал дәрігер. Осындай мықты дәрігерлердің арқасында облыс ревматологиясы дамыды», деді.
Семей мемлекеттік медициналық университетінің профессоры Р. Иванова сөз сөйлеп, бір кезде Т.Чеусова білім алған институт ұжымының сәлемін жеткізді.
Кардиолог, ревматолог, терапевт Тамара Чеусова әлі де тың. Ол облыстық клиникалық аурухананың сараптамашы-дәрігері болып қызмет атқарады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).