ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, инвестициялық бағдарламаны іске асыру жоспарына сәйкес Ы.Алтынсарин және Ақжар көшелері маңында диаметрі 300 мм жаңа су құбыры іске қосылады. Осыған байланысты 4 шілдеде сағат 00.00-ден бастап таңғы 10.00-ге дейін ауыз су беру тоқтатылады.
- Атап айтқанда, осы мерзімде Деркөл кентінде, «Ақжайық», «Көкжиек», «Сарыарқа», «Өскен», «Кумыска», «Новостройка» шағынаудандарында, Рыбцех, Маштаков, Ветелки ауылдарында су болмайды. Оған қоса № 12, 48, 51 жалпы орта білім беретін мектептер, «Колокольчик» балабақшасы, «Кублей», «Жайық ет» ЖШС, «Томарикс», «Дружба» бау-бақша серіктестігі, «Нефтэк», «Венойл», «Метан» жанар-жағар май құю стансаларына ауыз су беру тоқтатылады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбыр жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).