ОРАЛ. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО әділет департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен қыркүйектің 4-інде діни экстремизмнің алдын алуға арналған дөңгелек үстел отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құқық қорғау органдары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері де қатысқан жиында аталмыш мәселе барынша жан-жақты талқыланып, діни жат ағымдардың алдын алуға үкіметтік емес ұйымдардың да үлес қосуы қажеттігі атап көрсетілді. Облыстық әділет департаментінің бас маманы Еламан Испановтың айтуынша, облыста ислам бағытында 46 діни бірлестік тіркелген. Өкінішке қарай, соңғы кезде дәстүрлі исламды қолдамай, жат көзқарасты насихаттаумен айналысатын «салафиттік» және «такфирлік» ағымдар пайда болды. Сондықтан көп ұлт пен дін өкілдері тұратын Қазақстанда тыныштықты сақтау үшін ел ішінде алауыздық туғызатын діни топтарға дер кезінде тойтарыс берудің маңызы зор.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).