Оралда допты хоккейден республикалық деңгейде жарыс өтуде

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда допты хоккейден ҚР ІV қысқы спартакиадасының ойындары басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оған Астана, Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Петропавл, Көкшетау, Орал қалалары мен Алматы облысынан барлығы сегіз команда қатысып, бақ сынауда.

 

Жарыстың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов спортшыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, табыс тіледі. Оның айтуынша, допты хоккейден қысқы спартакиада ойындарының Оралда өтуі тегін емес. Өйткені Оралда допты хоккей әуелден жақсы дамыған. 1976 жылы отау тіккен допты хоккей командасы (қазір «Ақжайық») әлі де шеберлер санатында өнер көрсетіп келеді.

 

Допты хоккейден ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Оралбай Жақсымбетовтің сөзіне қарағанда, көп ұзамай Оралдағы «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны пайдалануға беріледі. Бұл допты хоккейдің бұрынғыдан да қарқынды дамуына септігін тигізері сөзсіз.

 

Қысқы спартакиада ойындары 21 желтоқсан күні мәреге жетіп, мықтылар анықталады.

 

Еске сала кетейік, допты хоккейден «Ақжайық» клубы жоғары лига командары арасында бүкілресейлік жарыста жылма-жыл ойнап келеді. Ол - Қазақстанда осы ойын түрінен сақталып қалған жалғыз команда. Себебі кезінде екі мәрте КСРО чемпионы және Еуропа чемпиондары кубогының иегері атанған «Динамо» (Алматы) командасы 1995 жылы тарап кеткен болатын.