ОРАЛ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Маусымның 3-інде Орал қаласына қарасты Зачаган кенті «Болашақ» ықшам ауданында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында тазалық іс-шарасы өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жайық-Каспий экология департаменті БҚО филиалы мен өңірдегі экологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйымдастырған шараға Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті студенттері қатысты. Арнайы қаптарға жиналған қоқыстар автокөлікке тиеліп, қала сыртына шығарылды.
Зашаған кентінде 50 мыңдай адам тұрады. Кенттік округ әкімінің орынбасары Арман Бисимбалиевтің сөзіне қарағанда, қоқыс жәшіктері Е.Брусиловский, И.Гринько, Х.Доспанова көшелері мен «Коттедж» ауданында ғана бар. Басқа ықшамаудандарда қатқыл табанды жолдың жоқтығынан «Спецавтобаза» МҚК қоқыс жәшіктерін қоюдан бас тартып отыр. Таяуда «Болашақ» ықшам ауданында жол салынбақшы. Сондықтан қосымша 42 қоқыс жәшігін қою ойластырылуда.
Экология ұйымдары қауымдастығының төрағасы Ғазиз Хаймулдиннің сөзіне қарағанда, Оралда таза қалаға айналдыру жолында алдағы уақытта да шаралар қолға алынбақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).