ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда БҚО-ның түйе палуаны, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдинді (1964-1999) еске алуға арналған дзюдодан 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО спорт және дене шынықтыру басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, дәстүрлі жарыстың ұйымдастырылып келе жатқанына жиырма жылдың жүзі болды.
Биылғы додаға Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарымен қатар Ресей мен Қырғызстаннан 230 балғын дзюдошы қатысуда.
Жарыстың алғашқы күні мына спортшылар өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды: Әмір Сапарғали (35 кг, Орал қаласы, спорт-интернат), Ерген Сатыбалдиев (38 кг, БҚО, Қазталов ауданы), Табылды Биғамбаев (42 кг, Атырау), Аят Алпысбай (46 кг, Ақтөбе), Қайсар Самиғолла (50 кг, Орал, жекпе-жек спорт мектебі).
13 желтоқсан күні мәреге жететін турнир жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтарға қоса спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.
Айта кетейік, өмірден ерте кеткен Оралбек Қожагелдин дзюдо, самбо және қазақ күресімен айналысқан танымал спорт шебері еді. Сонымен қатар ол Орал қаласында «Сырым» күрес мектебін құрып, өзінің ізін басатын шәкірттерін тәрбиеледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).