Оралда «Егер Бөкей болмаса...» деректі фильмінің таныстырылымы болды

None
ОРАЛ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 21 желтоқсанда А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында «Егер Бөкей болмаса...» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

Аталмыш фильмді өңірге танымал кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген. Режиссері - Лев Вахитов. Деректі туындыда биыл құрылғанына 210 жыл толған Бөкей хандығының арғы-бергі тарихы сөз болады. Бөкей сұлтан Еділ-Жайық аралығына көшу жөніндегі рұқсатты І Павел патшадан 1801 жылы 11 наурызда алған болатын. Фильмде осының жай-жапсары баяндалады.

М.Жәкібаевтың ижевскілік режиссер Л.Вахитовтің түсіру тобымен бірлесіп жұмыс жасағанына жеті жылдың жүзі болды. Бұдан бұрын аталмыш топ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова, Қазақстан жерінде әлемге әйгілі қаруды жасап шығарған Михаил Калашников туралы деректі фильмдер түсірген болатын.