Оралда екі қабатты мейрамхананың шатыры өртенді
01:35, 25 Мамыр 2024
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында екі қабатты «Нұралы» мейрамханасының шатыры өртенді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 мамыр күні сағат 17.04-те Зачаган кентіндегі М.Мөңкеұлы көшесі 51/3-мекенжайында болды.
«Өрт сөндірушілер 6 минуттан кейін келіп жеткенде, мейрамхананың шатыры жанып жатқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 1 894 шаршы метр. Өрттің аумағы 390 шаршы метрді қамтыды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» БҚО ТЖ департаментінің күш-құралдарымен (63 адам, 22 техника) сағат 19.05-те оқшауланып, 19.44-те толықтай ауыздықталды», деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.