Оралда екі апта бұрын жоғалып кеткен жасөспірім табылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 16 жастағы Михаил Марченконы 8 наурыз күні полиция қызметкерлері тапты, деп хабарлайды mgorod.kz порталы.

Жасөспірімнің анасы Елена Марченконың айтуынша, оның баласы дін аман табылды.

«8 наурыз күні шамамен сағат 18-00-дер кезінде баламды полиция қызметкерлері тапты. Ол Зачаганда өзінің достарымен бірге болған. Мен баламның бұл әрекетін түсіне алмай отырмын. Мүмкін оған еркіндік керек болған шығар, ересек адамдарша өмір сүргісі келді ме, білмеймін. Бірақ біз оны ренжіткен жоқ едік. Неге мұндай қадамға бардың деген біздің сұрағымызға ол жауап бермей отыр. Біз оған қазір психологтың көмегі қажет деген ойдамыз, оған көмек керек. Сонда ғана ол үйден кетіп қалғанды қояды деп ойлаймын. Менің жанайқайыма назар аударып баламды тауып алуға атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымды бідіремін. Сондай-ақ жедел әрекеттері үшін полиция қызметкерлерне де алғысымды айтамын»,-дейді жасөспірімнің анасы.

Айта кетейік, 24 ақпанда Михаил Марченко үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Жасөспірімнің анасы полицияға хабарласып, баласының жоғалғаны туралы хабарды әлеуметтік желіге орналастырды.