ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда екі автобус соқтығысып, 11 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиғаға куә болғандардың сөзінше, жол апаты бүгін шамамен сағат 10.30-да Мұхит және Дәулеткерей көшелерінің қиылысында болды.
Қалада 39-бағытта жүретін «ПАЗ» автобусының жүргізушісі Дәулеткерей көшесімен келе жатып, басты көше - Мұхитқа шығарда жол бермей, 30Д бағытында жүретін автобуспен соқтығысқан.
Салдарынан 39-автобус қиылыста тұрған Toyota Camry автокөлігіне аударылған.
Жол апатынан кейін 11 адам жарақат пунктіне жүгінді, олардың біреуі - бала.
БҚО Полиция департаменті және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оқиғаны растап, қосымша ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).