ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында екі автобус түйісіп, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға бүгін таңмен сағат 08.45-те Әбілқайыр хан даңғылында болды.
Циолковский аялдамасы тұсында №22 және №1 бағытта жүретін автобустар соқтығысты.
Соның салдарынан бес адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылауынша, 16 жастағы жасөспірім, сондай-ақ 50 жастағы әйел, 37 жастағы екі ер адам жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Қосымша басқа да жарақаттармен олар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 30 жастағы екіқабат әйелге жүктілігін үзу қаупі төнген. Ол қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол апатынан полиция қызметкерінің жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).