ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі автокөлік бетпе-бет соқтығысып, бес адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 17 қараша күні шамамен сағат 18.20-да Деркөл кенті ауданындағы айналма жолда болды.
«ВАЗ-2115» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, қарсы бетте келе жатқан «Лада Гранта» автокөлігімен соқтығысқан.
Соның салдарынан бес адам жарақат алды, олардың біреуі – бала. Бәрі де ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің толықтыруынша, құтқарушылар «ВАЗ-2115» автокөлігіне қыстырылып қалған 30 жастағы жүргізушіні шығарып, жедел жәрдемге тапсырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек тиелген «ГАЗель» автокөлігі жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).