ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қос автокөлік соқтығысып, жүргізушілер жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше Зачаган кентінде болды.
Шамамен сағат 01.00-де Е.Брусиловский көшесі мен Сарытау жолының қиылысындағы бағдаршам тұсында «Фольксваген Гольф» пен «ВАЗ-2107» автокөліктері түйісті.
Құтқарушылар келгенге дейін қыстырылып қалған «Фольксваген Гольф»-тің 1991 жылғы жүргізушісі автокөліктен шығарылған. Құтқарушылар көлікті тоқтан ажыратты.
«ВАЗ-2107» автокөлігінің 1989 жылғы жүргізушісі де түрлі жарақат алған. Екеуі де ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, 1991 жылғы ер адам облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Екіншісі дәрігерлер қарағаннан кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).