ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, екі бала мен әйел уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, Ә.Әйтиев көшесіндегі үйде болған өртке қатысты қоңырау жедел жәрдемге сағат 18.23-те шалынған.
Өрт туралы хабар сағат 18.01-де түсіп, сағат 18.28-де қос бірдей бригада оқиға орнына жеткен.
Тілсіз жау салдарынан үш адам зардап шекті. Көмірқышқыл газына уланған 1 және 6 жасар сәбилер 1987 жылы туған аналарымен бірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі кезде балалардың жағдайы тұрақты, кезекші педиатрдың бақылауында, жатқызуды қажетсінбейді. Облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Ә.Әйтиев көшесі 70/1 мекенжайының 2-кіреберісінде 1 қабаттан 5 қабатқа дейін электр кабелі жанған. Оқиға орнынан 37 адам эвакуацияланса, соның 15-і - балалар. Өрт 18.56-да оқшауланып, 19.20-да толықтай сөндірілген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).