Оралда екі елдің азаматтығын алған әйел ірі көлемде айыппұл төлейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда қос елдің азаматтығын алып жүрген әйел ірі көлемде айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш әйел Ресей елінің азаматтығын алғаны жөнінде уақтылы хабарламаған. Ол ҚР азаматтығынан 2015 жылы айырылған, содан бері жүре берген.

Әйел өз кінәсін мойындай отырып, азаматтық туралы заңнаманы толық білмейтінін алға тартты. Енді ол Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысына сәйкес 336 700 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Айта кетейік, «Азаматтық туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес өзге елдің азаматтығын алған адам отыз күн ішінде бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлап, ҚР азаматының төлқұжаты немесе жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Бұл заң талаптарын бұзған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 496-бабы 2-бөлігіне сәйкес 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе ел аумағынан шығарылады.